Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы" АҚ-ның бұрынғы басшысы, Риддер қаласының экс-әкімі Дәулет Батырбаевқа қатысты сот үкімі өзгертілді, деп хабарлайды Zakon.kz.


Ол бюджет қаражатын жымқыру, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру фактілері бойынша жауапқа тартылған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің 18 желтоқсандағы мәліметінше, 2019 жылы Өскемен мен Семей қалаларындағы көше жарығын жаңғырту жобасы іске қосылған. Жоба аясында электр энергиясын үнемдеу және жарық сапасын арттыру мақсатында ескі шамдарды энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдарға ауыстыру көзделген.

Алайда тергеу барысында күдіктілер жоба шеңберінде жабдықтар мен атқарылған жұмыстардың құнын негізсіз арттырып, мемлекетке жалпы сомасы 320 миллион теңге көлемінде залал келтіргені анықталды.

Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру мақсатында Батырбаев сенімді адамдарының атына жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркеп, оны жалған келісімшарттар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыратын қосалқы мердігер ұйым ретінде пайдаланған.

Сот үкімімен Дәулет Батырбаев және іс бойынша тағы екі тұлға – Халитов пен Папышев 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ қылмыстық табыс есебінен сатып алынған мүлік – тұрғын үйі бар жер телімі мен автокөтергіш техника мемлекет кірісіне тәркіленді.

2025 жылғы шілдеде сот бірінші инстанциясы үкім шығарған кезде Батырбаев пен тағы екі тұлға – Халитов пен Папышев кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот мәліметінше, Батырбаев пен Халитов техникалық спецификацияға сәйкес келмейтін жарықдиодты шамдарды қабылдап, төлем жүргізу арқылы мемлекетке 2,27 миллиард теңге залал келтірген.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 6 сәуірден 25 шілдеге дейін жалған аралық актілерді қол қою арқылы олар 122,88 миллион теңгені заңсыз иеленіп, пайдаланып кеткен. 2022 жылғы 2 қыркүйектен 12 желтоқсанға дейін келісімшартқа заңсыз қосымшалар енгізіп, жұмыстардың құнын асыра көрсету арқылы 206 миллион теңге сомасында қаражат аударылған.

2025 жылғы қарашада Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот бірінші инстанциясының үкімін қайта қарады. Нәтижесінде екі эпизод бойынша жазаны алып тастап, қылмыскерлердің бас бостандығынан айыру мерзімін 7 жылға дейін қысқартты.

Дәулет Батырбаев "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы" АҚ-ның төрағасы қызметін Риддер қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін атқарған, ал әкімдік қызметінен 2024 жылғы сәуірде кеткен.

Сот үкімімен қылмыстық табыс есебінен алынған тұрғын үйі бар жер телімі мен автокөтергіш техника мемлекет кірісіне тәркіленді.