Италияның солтүстігіндегі Стелвио ұлттық саябағы аумағынан мыңдаған динозавр ізі табылды. BBC агенттігінің хабарлауынша, кейбір іздердің диаметрі 40 сантиметрге дейін жетеді. Ғалымдар бұл таңбалар шамамен 210 миллион жыл бұрын қалған деп есептейді.
Мұны алғаш байқаған әуесқой фотограф Элио Делла Феррера. Ол өткен жылдың қыркүйегінде Миланның солтүстік-шығысындағы таулы өңірден, көзге әрең ілінетін бедерлерді суретке түсіріп, мамандарға жеткізген. Кейін палеонтолог Кристиану Даль Сассо бастаған зерттеушілер бұл жердің нағыз ғылыми қазына екенін растады. Іздерден өткір тырнақтың белгілері анық байқалады. Ұзындығы 10 метрге дейін жеткен жануарлар көбіне екі аяқпен жүрген, бірақ кейбір тұстарда алдыңғы аяқтарының ізі де кездеседі.