Швейцарияның Церматт курортында туризмнің дамуы күтпеген бастамаға себеп болды. Жергілікті қонақүй иесі әрі сәулетші әлемдегі ең танымал таулардың бірі – Маттерхорнның дәл іргесінен биіктігі 260 метр болатын зәулім ғимарат салуды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Oddity Central жазуынша, бұл жоба жергілікті тұрғындар мен мамандар арасында қызу пікірталас тудырған.
Церматтта тұрақты түрде шамамен 6 мың адам тұрады. Алайда қысқы маусымда туристер мен маусымдық жұмысшылардың келуіне байланысты халық саны 40 мыңға дейін артады. Осылайша, қолжетімді баспана табу мүмкін емеске айналады.
Бұл мәселе тек келушілерге ғана емес, жергілікті кәсіпкерлерге де әсер етіп отыр. Олар қызметкерлері үшін баспана табуда барған сайын қиындыққа тап болуда.
Мәселені шешуге 61 жастағы Хайнц Юлен кіріскен. Ол – жергілікті қонақүй иесі, сәулетші әрі Церматттың тумасы. Өткен айда ол Lina Peak атты зәулім ғимараттың тұжырымдамасын таныстырды. Көптеген тұрғындар жобаны өңірдің туристік тартымдылығына қауіп төндіреді деп санайды. Олар биік ғимарат Маттерхорнның көрінісін бұзып, туристерді үркітіп жібереді деп алаңдайды.
Жоспарға сәйкес, ғимараттың 2-қабатынан 32-қабатына дейінгі аралығы жергілікті тұрғындар мен қонақүйлерде, мейрамханаларда және электр такси қызметтерінде жұмыс істейтіндерге арналған болады. Ал жоғарғы 30 қабатта шетелдік ауқатты инвесторларға бағытталған элиталық пәтерлер орналасады.
Сәулетші Маттерхорнның етегінен жер телімдерін сатып алып та үлгерген. Жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 500 миллион еуро қажет. Қаржыландыру сәтті болса, құрылыс 2034 жылға қарай аяқталуы мүмкін. Қазірдің өзінде Юлен жергілікті тұрғындар арасынан дауыс жинауды бастап кеткен.