akorda.kz
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитеті Үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ху Хэпинмен кездесті. Бұл жүздесу мәдени-гуманитарлық және ақпараттық саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту аясында өтті. Мемлекеттік кеңесші Қазақстан мен Қытай арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын атап өтті.
Сондай-ақ екі елдің сараптамалық орталықтары мен жетекші медиа құрылымдары арасындағы тәжірибе алмасу мәселесіне ерекше назар аударды. Ху Хэпин қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдіріп, Қытай мен Орталық Азия елдерінің БАҚ саласындағы ынтымақтастығы форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты. Тараптар гуманитарлық диалогты нығайту өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухындағы байланыстарды одан әрі бекемдеуге ықпал ететініне сенім білдірді.