Бұл жайлы ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов алқа отырысында айтты.


Су саласын тартымды ету мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі жалақыны көтеруге бағытталған кешенді шаралар қабылдаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2024 жылы "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25% өсті, ал биыл 1 шілдеден бастап тағы 35-50% артты.Қазіргі таңда "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы екі есе өсіп, 300 мың теңгені құрап отыр. Төменгі буын қызметкерлерінің орташа жалақысы 92 мың теңгеден 185 мың теңгеге дейін өсті", — дейді министр.

Ол атағандай, еңбек жағдайларын жақсарту шаралары аясында, биылдан бастап 425 маусымдық қызметкері тұрақты қызмет орындарына ауыстырылды.

"Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында су шаруашылығы мамандары үшін ипотекалық бағдарлама іске қосылды, олар баспанаға жеңілдетілген шарттармен ие болуда. 2025 жылы Қазсушар кәсіпорнының 6 қызметкері "Наурыз Жұмыскер" ипотекалық бағдарламасымен тұрғын үй алды", — деді ол.

Сондай-ақ биыл Жамбыл филиалының 2 қызметкері "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында көтерме төлемдер алды.