Қазақстанда Президенттің экологиялық мәдениетті дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында 1 миллион гектардан астам аумақ тазартылып, еліміз бойынша ауқымды экологиялық шаралар жүзеге асырылды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциясында «Таза Қазақстан» бастамасының алғашқы нәтижелерін баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы еліміздегі экологиялық қозғалысқа тың серпін берді. Биылғы жылы республика деңгейінде 1 250 іс-шара ұйымдастырылып, оған 6,4 миллионға жуық адам атсалысқан. Нәтижесінде 795 мың тонна қалдық шығарылып, 2,8 миллион түп ағаш отырғызылды.
«Азаматтарды тарту мақсатында @TazaQazBot чат-боты іске қосылды. 25 мың өтініш келіп түсті, оның 23,6 мыңы орындалды, бұл оның кері байланыс құралы ретіндегі тиімділігін растады. Бұл тұрғындардың сұраныстарына жедел ден қоюға мүмкіндік береді», деді Ерлан Нысанбаев.
Сонымен қатар 2026 жылы елімізде Орталық Азия елдерінің Өңірлік экологиялық саммиті өтеді деп жоспарланған. Бұл жиын аймақтағы климаттық және экологиялық сын-қатерлерге қарсы бірлескен шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.