Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Конькимен жүгіруден 14 қараша-14 желтоқсан аралығында АҚШ, Канада, Нидерланд және Норвегияда өткен Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша ел құрамасы 12 лицензия иеленді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Лицензия иегерлерінің есімі мен спортшылар саны ұлттық құрама бас бапкерінің шешімінен кейін жарияланады.
Болжам бойынша, 2026 жылғы қысқы Олимпиадада конькимен жүгіруден ел намысын 5 спортшы қорғайды.
Айта кетейік, бұған дейін мәнерлеп сырғанау спортынан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина әлем чемпионатында олимпиадалық нормативті орындап, 2 жолдама жеңіп алды.
Сонымен қатар отандық шорт-трекшілер ел қоржынына тағы 9 жолдама салды. Бапкерлер штабының шешімімен Миланда Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан бақ сынайды.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 3 түрінен 23 лицензия бар.
Олимпиадаға арналған нақты лицензия саны 2026 жылғы қаңтар айының соңында белгілі болады.
XXV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылы 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы қатысады.