Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасының игілігін оқушылар көріп жатыр. Президент биылғы Ұлттық құрылтайда Ақмола облысының мектеп салу қарқынын ерекше атап өтіп, өзге өңірлерге де оқу ордасын уақтылы қолданысқа беруді тапсырған еді. Жыл соңына дейін барлық құрылыс аяқталады деген жоспар орындалды.
Ұлттық жоба аясында бой көтерген мектептер қала мен ауылға бірдей стандартпен салынды. Сыртқы келбеті мен ішкі жабдықталуында айырмашылық жоқ. Бұл – қала мен ауыл арасындағы білім сапасы мен инфрақұрылым алшақтығын азайту мақсатында жасалып отыр.
Жаңа білім ордалары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектептерде кең әрі жарық сыныптар, соңғы үлгідегі оқу құралдары, STEM және компьютерлік кабинеттер, спорт, мәжіліс залдары, кітапхана мен асхана қамтылған. Балалардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау жүйелері орнатылып, инклюзивті білім алуға толық жағдай жасалған. Жобаның маңызды ерекшелігінің бірі – шалғай елді мекендерге басымдық берілуі. Ұлттық жоба аясында алыс ауылдарда да ірі әрі заманауи мектептер салынды. Мемлекеттік бақылаудың, жауапты орындаушылардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімнен кешікпей аяқталды. «Samruk Construction» компаниясының мәлімдеуінше, жобаны іске асыру барысында сапа талаптары басты назарда ұсталып, әр нысан толық қабылдау рәсімінен өткен.
Алматы қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 21 заманауи мектеп салу жоспарланған. Оның 13-і «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқаруымен, ал қалған 8 мектеп қала әкімдігі тарапынан мемлекет-жекеменшік әріптестігі және дайын нысандарды сатып алу тетіктері арқылы салынып жатыр. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқаруындағы 13 мектептің барлығында құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, №97 және №154 мектептер бұрын апатты жағдайда болған ескі ғимараттардың орнына бой көтерген. Ескі нысандар толық бұзылып, олардың орнына қауіпсіз әрі заманауи мектептер салынған.
«Бірыңғай оператордың басқаруымен ел тарихында алғаш рет әрқайсысы 2 500 орындық екі ірі мектеп пайдалануға берілді. 2 500 орындық мектептердің нормативтік құрылыс мерзімі 28 ай. Біз оларды 22 айда аяқтадық. Бұл – тек Алматыдағы емес, республика бойынша ең ірі оқу орындары», дейді М.Айманбетов.
Ал Астана қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру мәресіне таяп қалды. Жоспарланған 22 мектептің 21-інде, яғни 39 200 оқушы орнына арналған нысандарда құрылыс жұмыстары толық аяқталған. 2000 орындық бір мектеп жақын уақытта пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар жақында Маңғыстау облысындағы «Келешек мектептері» жобасы аяқталып, соңғы 13-мектеп оқушыларды қабылдады. Жаңа форматтағы білім ұйымы 1 500 оқушыны қамти алады.
«Бүгінде мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі – сапалы білім жүйесін қалыптастыру. Осы орайда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордасы – біздің мектебіміз, осы бастаманың жарқын көрінісі деп білеміз. Жаңа мектеп – тек ғимарат емес, бұл – жаңаша ойлау, жаңаша оқыту, заманауи мүмкіндіктермен жабдықталған зияткерлік кеңістік. Мұнда оқушыларымыз білім алып қана қоймай, тұлғалық дамуға, шығармашылықпен айналысуға, цифрлық сауаттылықтарын арттыруға барлық жағдай жасалған. Мектеп ұжымы – тәжірибелі, жаңашыл ұстаздардан құралған. Біз білім мен тәрбиені тең ұстауды басты міндет санаймыз. Баланың жан-жақты дамуы, қауіпсіз ортада еркін ойлап, өз болашағын қалыптастыруы – біздің күнделікті жұмысымыздың негізі», дейді Ақтау қаласы №35 мектеп директоры Любовь Нам.
Республика бойынша 10 өңірде мектептер толық пайдалануға берілді. Жалпы, 217 300 оқушы орнына есептелген 208 мектептің 187-сі толық салынып бітті. Қалған 21 мектептің құрылыс-монтаждау жұмысы ғана қалған. Атап айтсақ, Алматы қаласында – 13 мектеп, 23 100 оқушы орын, Шығыс Қазақстан облысында – 7 мектеп, 3 000 орын, Солтүстік Қазақстан облысында – 2 мектеп, 1 200 орын, Павлодар облысында – 2 мектеп, 1 800 орын, Қызылорда облысында – 10 мектеп, 6 900 орын, Маңғыстау облысында – 13 мектеп, 12 600 орын, Жамбыл облысында – 7 мектеп, 6 200 орын, Ақмола облысында – 9 мектеп, 12 200 орын, Шымкент қаласында – 12 мектеп, 17 300 орын, Ұлытау облысында – 1 мектеп, 300 орын, Жетісу облысында – 2 мектеп, 1 800 орын қолданыста.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, «Келешек мектептерінің» жартысына жуығы ауылда орналасқан. Соның ішінде ең шалғайы шекара маңыңдағы Жоңғар қақпасының етегінде жатқан Достық ауылында бой көтерді. Бір ауысымда 600 бала қабылдай алатын нысан стандартқа сай. Мектеп балаларға қажетті барлық құралмен жабдықталған.