Қазақстан Жапонияның ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік әрі азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобаларына қызығушылық танытады.
Әлемдегі ядролық отынның шамамен 40 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Дүние жүзіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығын атом электр станциялары өндіретінін ескерсек, бұл өте маңызды. Мемлекет басшысы дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді жеткізді. Бұл ретте қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін атап өтті. «Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайды. Бұл бастама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады», — деді Президент.