2030 жылға қарай ел экономикасына 200 мыңнан астам жұмысшы маман қажет болады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алматыдағы жұмыс сапарының екінші күнінде айтылды.

Жиында кадр даярлау мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы теңсіздікті жою мәселесі талқыланды.

Цифрлық даму кезеңіндегі жоғары білім мен ғылымды трансформациялау мәселесі Ұлттық ғылым академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде талқыланды. Жиынға жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты. Бүгінде еңбек нарығына қажет мамандар мен түлектер арасында алшақтық бар.

2026–2030 жылдарға арналған болжам бойынша, Алматыда жоғары білімді немесе техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларға да сұраныс бірдей. Алайда жоғары білімді түлектер саны жұмысшы және техникалық мамандарға қарағанда көп екен. Жалпы алғанда 2030 жылға дейін шамамен 208 мың жаңа маман қажет. Ең көп сұраныс сауда, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салаларында.

Енді Аида Балаеваның тапсырмасымен кадрларға деген қажеттілікті болжау жүйесі іске қосылады. Осы мақсатта барлық өңірлердегі кәсіпорындар мен ұйымдарға бірыңғай сауалнама әзірленеді. Жиналған деректер негізінде оқу орындары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, артық мамандықтар мен жетіспейтін саланы анықтайды. Бірінші экономикаға қажет мамандар жіпке тізіліп, содан кейін ғана сол кадр дайындалады. Бұл тәсіл еңбек нарығындағы теңсіздікті азайтып, түлектердің нақты сұранысқа ие болуына мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары аясында Вице-премьер аумағы тоғыз мың шаршы метр болатын FARABI HUB инновациялық орталығына барды. Жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесіп, ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру, білім беру саласына жасанды интеллекті енгізу және ғылым мен экономикадағы байланысты күшейту мәселелері талқыланды.

Кадр даярлаудың сапасына ерекше назар аударылды. Теориялық білімнен тәжірибелік бағытқа басымдық беру керектігі айтылды. Техникалық, медициналық және аграрлық бағыттағы оқу орындарының білім беру бағдарламасындағы Ғылым академиясының рөлі де сөз болды. Премьер-министрдің орынбасары цифрландыру мен жасанды интеллект аясында жоғары білімді дамытудың бірыңғай стратегиясы қажет екенін жеткізді.

Аида Балаева Ғылым академиясына еңбек нарығына кешенді талдау жүргізіп, маман тапшылығын анықтау бойынша нақты тапсырма берді. Одан бөлек, жасанды интеллект пен роботтандыру арқылы оқу бағдарламаларын жаңартуды тапсырды. Бұл жұмысты 1 қаңтардан бастап жүзеге асыру ұсынылды. Жиын соңында жоғары білім мен ғылымды трансформациялау, сұранысқа ие маман даярлау және цифрлық дәуірдің талабына сай база қалыптастыру қажеттігі айтылды.