Мысықты кір жуғыш машинаның барабанына салып айналдырған сәттен видео желіде резонанс тудырды. Полиция жазбаға қатысты жедел әрекетке кірісіп, тексеру жүргізді. Мысық иесі анықталып, оған айыппұл салынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жетісу облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәліметінше, резонанс тудырған бейнежазба Threads желісінде тарады. Кадрлардан мысықтың кір жуғыш машинаның барабанына салынғаны байқалады. Аталған бейнежазба желі қолданушыларының наразылығын тудырып, құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне негіз болды.
Бейнежазба жарияланған сәттен бастап полиция қызметкерлері жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді.
Ролик авторы бұл видеоны әзіл ретінде түсіргенін және кір жуғыш машинаның барабанына су қоспай бір рет қана айналдырғанын, содан кейін жануарды бірден шығарғанын мәлімдеді.
Полиция дерегінше, тексеру барысында мысық ветеринар дәрігердің қарауынан өтті. Маманның қорытындысына сәйкес, қазіргі уақытта жануардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Дегенмен бұл жағдай бойынша мысық иесі жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдары жануарларға стресс, ауырсыну немесе ықтимал қауіп төндіретін кез келген әрекетке жол берілмейтінін ескертті.
"Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! Әзіл мен шынайы өмірдің арасында нақты шекара болуға тиіс. Қаралым мен лайкқа құмарлық қатыгездікті ақтай алмайды. Жануарлар – контентке арналған реквизит емес, олар қамқорлықты, жауапкершілікті және құрметті қажет ететін тірі жандар", — делінген ресми хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз