Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 2025 жылғы 22 желтоқсанда ОКҚ-да өткен брифинг барысында елордалық әуежайды жаңғырту жөніндегі жоспардың қыр-сырымен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Журналистер Terminals Holding жобадан шығатыны бұрын хабарланғанын атап өтті. Олар БАӘ компаниясымен ынтымақтастықтың неліктен тоқтатылғанын және жаңа инвестор табылған-табылмағанын сұрады.
"Өзара келісім әрі осы компанияның бастамасы бойынша біз бүгін өзара талап қоюсыз келісімшартты бұздық. Terminals Holding ағымдағы жөндеу жұмыстарына ағымдағы инвестицияларды жұмсады. Естеріңізде болса, биыл күзде ұшу-қону жолағына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ, әуежайдың жүктемесін екі есеге, яғни жылына 16-18 млн жолаушы қабылдауға дейін ұлғайту үшін екінші ұшу-қону жолағын салу қажет болып отыр. Инвестициялық міндеттемелерді іске асыру қарқыны бойынша бізде белгілі бір келіспеушіліктер болды, сондықтан біз бұл жобаны оларсыз жүзеге асыру жн деп шешіп, өзара түсіністікке келдік", – деді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, бұл арада екінші ұшу-қону жолағын және болашақ перспективада терминал салу, сондай-ақ бірінші ұшу-қону жолағын жөндеу туралы сөз болып отыр.
"Бүгін әуежай белгілі бір деңгейге жетті. Біз биыл 8,5-9 млн жолаушыны қабылдай аламыз. Бұл — іс жүзіндегі жобалық қуат. Бірақ, екінші ұшу-қону жолағын салу керек. Бүгін біз әуежайдың күшімен бұл жобаны екінші ұшу-қону жолағын салу арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бізге қандай да бір оператор қосымша қажет пе, жоқ па, осы тұрғыда жалпы жағдайды бақылап, бағамдап отыратын боламыз", — деді әкім.
Сондай-ақ ол қандай сомалар туралы сөз болып жатқанын да айтты.
"1,1 млрд деген цифрды бірінші рет естіп тұрмын. Мен ешқашан мұндай цифр туралы айтқан емеспін. Сандар одан бірнеше есе аз. Екінші ұшу-қону жолағы мен бірінші ҰҚЖ-ын жөндеумен байланысты цифрды есептедік. Мұның бәрі шамамен 150-190 млн доллар болады", деп сөзін түйіндеді Жеңіс Қасымбек.
Бұған дейін Жеңіс Қасымбек елордада тағы бір әуежай салу туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берген болатын.