Қайтарылған активтердің қайыры бар.

Ақтөбе облысында ел қазынасына қайтарылған қаражат есебінен тоғызыншы медициналық пункт салынып, қолдануға берілді. Мұғалжар ауданына қарасты Жарық ауылында ашылған әлеуметтік нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.

Жарық елді мекенінде 556 тұрғын бар. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» ауыл халқын медбике тозығы жеткен ескі ғимаратта қабылдап келген. Жаңа медициналық пункттың ашылуын асыға күтті. Қайтарылған активтер есебінен бөлінген 137 млн теңге ғимарат құрылысына және қажетті құрал-жабдыққа жұмсалған.

Бақтыбай Қарабалин, Жарық ауылының тұрғыны:

- Ауырып қалсақ алдымен Ақкемерге береді. Ақкемерден Қандыағашқа жіберетін еді. Енді ауылдан өздеріміз нетеміз шығар емдеп, доктор келіп, өте қуаныштымыз осындай ғимарат салып, іші жылы, жарық, аппаратурасы бар. Қуанып жатырмыз. Көп-көп рақмет.

Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба ел Президентінің тапсырмасымен қолға алынған болатын. Басты міндет — шалғайдағы елді мекендерді бастапқы медициналық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету, ауыл халқына шұғыл көмек көрсету тиімділігін арттыру. Бағдарлама аясында Ақтөбе облысындағы 29 ауылда медициналық нысан салынды.

Асылбек Есенбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Биыл Ақтөбе облысында 11 нысан тапсырысқа беріледі. Қазіргі таңда тоғызы бітті. Жылдың аяғына дейін екеуін де тапсырысқа беретін боламыз. Жалпы бұл бағдарлама 2023-2026 жылдарғы бағдарлама. Облыс бойынша 29 нысан беріледі.

Ақтөбе облысында қазір медициналық нысанға мұқтаж 20 елді мекен қалған. Жергілікті билік бұл мәселені үш жыл ішінде толық шешуді көздейді. Келер жылы 6 медпункт салынуы тиіс. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов