Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде көрнекті қаламгер, қазақ руханиятының ірі тұлғасы Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналған «Алаш руханиятының алдаспаны» атты ғылыми-танымдық семинар өтті. Тағылымды жиынға жазушының ұлы, әдеби редакторы Едіге Мұхтарұлы АҚШ-тан арнайы келіп қатысты. Сонымен қоса, өңірдің зиялы қауым өкілдері, белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, жас зерттеушілер мен студенттер бас қосты.


Семинар университеттің бас­қарма төрағасы Нұрлан Ду­латбековтің құттықтау хатымен ашылды. «Мағауин шығармалары – ұлттың рухани айнасы, тарихи зердесі. Олар тәуелсіздік рухын оятып, азат ойға жол салды» делінген онда. Семинар Мағауин әлемін жаңа қырынан зерделеп, жас зерт­теушілерге бағыт-бағдар беруді көздепті.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов:

«Ол атақ-даңқ үшін емес, тұтас ұлттың рухын көтеру үшін жазды. Бүгінде жазушы шығармашылығының терең мәнін толық ашатын ғылыми талдау жетіспейді. Бұл – ескірген әдістемеден туындаған мәселе. Оны жас ғалымдар түзетеді деп сенеміз», деді.

Едіге Мұхтарұлы әкесінің жастарға қатысты өсиеттерін ортаға салды. Оның айтуынша, Мұхтар Мағауин үшін жас­тар – елдің ертеңі, ұлттың үміті болған.

«Әкем шетелде жүрсе де, Қазақ­стандағы жастардың болашағына үнемі алаңдайтын. «Ұлттық сана қалыптаспай, шынайы тәуелсіздік болмайтынын» еске салудан жалықпайтын. Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен, сананың азаттығы әлі де қажет дейтін. Жастар еркін ойды дәріптейтін шығармаларды оқуға тиіс екенін жиі айтатын», деді Едіге Мұх­тарұлы.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы Мұхтар Мағауинмен жеке кездескен кездегі әсерлері мен қаламгердің шығар­машылығы туралы ой қозғап, оның ұлт­тық руханияттағы рөлін ерекше атап өтті.

Қарағанды ұлттық зерттеу универ­ситеті маркетинг және рекрутинг басқармасының басшысы Азамат Дүйсембаев «Ұлыларды ұлықтау ұрпақ парызы: Мағауиннің ақтық сапары мен 85 жылдығы» атты баяндама оқыды. Филология ғылым­дарының докторы, профессор Жан­сая Жарылғапов баянда­масында Мұхтар Мағауин шы­ғарма­шылығы қазақ әдебие­тіндегі бетбұрысты кезең болғанын атап өтті. Оның айтуынша, жазушы бұрынғы эстетикалық қағидаларды қайта қарап, әдеби ойға жаңа философиялық серпін әкелді. Белгілі кәсіпкер Ерлан Әшім «Мағауин феномені», ғалым Сағымбай Жұмағұл «Мұхтар Мағауин – хандық дәуір әдебие­тінің зерттеушісі», журналист, велошабандоз Ернат Рахметолла «Сертіне берік қаламгер» деген тақы­рыпта ойларын ортаға салды.

Тағылымды жиын ұлт руханиятының алып тұлғасына тағзым ғана емес, Мағауин мұрасын жаңа буынға терең танытудың маңызды алаңына айналды.

Қарағанды облысы