Ет тағамдарының барлық түрлерінде жылқы етін пайдалануға шектеу қойылмайды.


Мәжіліс депутаттарының Қазақстанда жылқы шаруашылығын дамытуға қатысты сауалына орай, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан мектептерінде биыл енгізілген Жалпы тамақтану стандартын еске салды.

Оның айтуынша, бұл стандартты әзірлеу кезінде салауатты диетаны қалыптастырудың халықаралық тәсілдері және семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардың даму қаупін азайтуға бағытталған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары ескерілген.

"Стандарт екі порция көлемінде аптасына екі рет жылқы етін қосуды ұсынады. Ұйымдардағы тұтыну тәртібі, сондай-ақ тамақ өнімдерін сақтауға, дайындауға, тасымалдауға және өткізуге қойылатын талаптар сақталған жағдайда, ет тағамдарының барлық түрлерінде жылқы етін пайдалануға шектеулер көзделмеген денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның санитариялық қағидаларымен реттеледі", – деді Серік Жұманғарин.

Үкімет өкілінің сөзінше, стандартта көкөністер мен жемістердің үлесін арттыру, табиғи емес өнімдер мен тұз бен қант мөлшері жоғары тағамдарды алып тастау қарастырылған. Қант қосылған сусындар мен шырындардың орнына ауыз су ретінде газдалмаған су, сүт, ашытылған сүт өнімдері, жеміс шайлары және қант мөлшері аз сусындар қарастырылған.

"Осылайша, ұйымдарда тамақтануды жүзеге асыратын құрылымдар толыққанды және алуан түрлі диетаны, аймақтық азық-түлік артықшылықтарын, азық-түлік тауарларының қолжетімділігін, ұлттық дәстүрлерді және салауатты тамақтану саласындағы халықаралық ұсыныстарды ескере отырып, мәзірді дербес қалыптастыру құқығына ие", – деді премьер-министрдің орынбасары.


Оқи отырыңыз:

  • Мәжіліс депутаты балабақшада жылқы етінен жасалған тағамдарды беруді ұсынды
  • Енді оқушыларға мектепте жылқы еті, жент пен қаймақ беріледі