Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың 9 айында өңірге 350 мыңнан астам турист келіп, 17,2 млрд теңгеге жуық қызмет көрсетілді.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артқан. Шетелдік туристерді қабылдау бойынша Маңғыстау республикада 3-орынға тұрақтады. Бұл туралы өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірде 2025-2029 жылдары жалпы құны 198 млрд теңге болатын 17 туристік инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар биыл "Omir apartments" апартаменттері -2 кезең,"Wyndham Garden Aktau" және "Shahristan" қонақ үй кешендері, Достар қонақ үйін қайта құрылымдау сынды 4 жоба пайдалануға берілді. Бұдан бөлек термалды суларыбар санаторий-курорттық кешені салынып жатыр және балалар демалысын дамыту мақсатында Каспий жағалауында көпфункционалды "AqquResort&Camp" орталығы ашылды. Сондай-ақ Бозжыра шатқалында сапар орталығының құрылысы аяқталып, алдағы туристік маусымдаіске қосылады.
"Өңірде туризмді дамыту бойынша кешенді жоспар жүзеге асуда. Маңғыстау, Шетпе және Бейнеу теміржол вокзалдары жаңғыртылып жатыр, сондай-ақ Кендірліде жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Бұл инфрақұрылым саланы жаңадеңгейге шығарады", – деді Нұрдәулет Қилыбай.