G20 саммиті – бұл әлемнің жетекші экономикалары бас қосатын халықаралық жоғары деңгейдегі форум.
АҚШ Президенті Дональд Трамп желідегі парақшасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескенін және келесі жылы Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырғанын жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бүгін таңертең Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлестім. Әңгіме барысында қазіргі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің маңыздылығы, сондай-ақ мемлекеттеріміз арасындағы сауда мен ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды. Екі елмен де қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейде. Келесі жылы Америка Құрама Штаттары G20 саммитін өткізеді. Осы маңызды іс-шараға аталған Мемлекет басшыларын Майами қаласында қонақ ретінде қатысуға шақыру жоспарланып отыр, – деп жазылған.
Айта кетейік, G20 (Group of Twenty) – әлемнің ең ірі 19 мемлекеті мен Еуропалық одақтан тұратын топ. Саммит барысында мемлекет басшылары жаһандық экономиканы дамыту, қаржы тұрақтылығы, халықаралық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, энергетика және өзге де өзекті мәселелерді талқылайды.
G20 құрамына кіретін елдер: АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Канада, Жапония, Үндістан, Бразилия, Мексика, Аргентина, Австралия, Оңтүстік Корея, Индонезия, Түркия, Сауд Арабиясы, ОАР және Еуропалық одақ.