«Ембімұнайгаз» компаниясы биылдан бастап «Батыс Қарасор» кен орнын игеруді бастап, өндірілетін мұнай көлемін тағы 65 мың тоннаға арттырмақ. Ал «Батыс Прорва» кен орнында жылына 100 миллион текше метр газ өндіретін ұңғымалар іске қосылды.
Жалпы Атырау облысында ілеспе мұнай газын кәдеге жарату бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
«Ембімұнайгаз» компаниясына қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында ілеспе мұнай газынан электр қуаты өндіріле бастады. Оңтүстік-Батыс Қамысты кен орнында қуаты 4,8 МВт болатын газ поршенді электр станциясы іске қосылды.
Ербол Исмағұлов, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ энергетика бөлімінің бастығы:
- ГПЭС қондырғысы арқылы төрт кен орнын тоқ көзімен қамтамасыз етіп отыр. Оның ішінде Жаңаталап, Оңтүстік-Батыс Қамысты, Оңтүстік-Шығыс Қамысты, сосын Оңтүстік-Батыс Новобогат кен алаңдары. Бұрын электр энергиясын мекемелерден алатын болдық қой. Қазір өзімізді ілеспе газ арқылы тоқ көзін пайдаланып отырмыз.
Мұндай жоба компанияға қарасты төрт кен алаңында жүзеге асырылды. Осы бастаманың арқасында ілеспе мұнай газы тиімді кәдеге жаратылып, өндіріске қажетті электр қуаты толық жеткізілуде.
Жәнібекбай Төлегенов, «Ембімұнайгаз» АҚ бас энергетигі:
- Барлығы тоғыз жоба. Болашақта тоғыз жоба іске қосылса, 16 кен алаңды біз өзіміздің электр қуатымызбен қамтамасыз етеміз. Ілеспе газды өндіру арқылы электр қуатына кететін шығынды біз 50-55 пайызға оңтайландырамыз. Онымен қоса, қазіргі консервацияда тұрған ұңғымаларды қайтадан іске қосып, мұнай табу көзделіп отыр.
Тиімділігін дәлелдеген жоба алдағы уақытта «Ембімұнайгаз» АҚ-ға қарасты басқа да кен орындарында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Жалпы компания биылғы 11 айда 2 миллион 601 мың тонна мұнай өндіріп, жоспарды 32 мың тонна артығымен орындады. Алдағы бес жылда мұнай өндіру 200 мың тоннаға ұлғайып, 700 миллион текше метрге дейін ілеспе газ өндіріледі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов