2026 жылғы Экономика министрлігінің межесі белгіленді. Бюджетке 4 трлн теңге түседі деген жоспар бар. Үкімет отырысында баяндама жасаған Экономика министрінің айтуынша, бұл қаржы отандық бизнесті дамытуға жұмсалады, деп хабарлайды 24.kz.

Ал оның 400 млрд теңгесі өңірлердегі шағын бизнесті қолдауға бөлінеді. Бұл үшін "Іскер аймақ" бағдарламасы іске қосылмақ. Оның игілігін ауыл шаруашылық шикізатын қайта өңдеу, наубайхана, жиһаз және құрылыс өндіру секілді тез нәтиже беретін әрі жылдам жүзеге асатын жобаларды қолға аламын дейтін азаматтар көре алады. Ескеретіні, бір жобаға берілетін несиенің шекті мөлшері 200 млн теңге. Мөлшерлемесі 8.8 пайыз. Мерзімі үш жылға дейін.

"Бұл қосымша қаржы ресурстары президент пен үкіметтің тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте, қазақстандық бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталатын болады. Салық базасын кеңейту қағидаты – бизнес субъектілерінің кірісін арттыратын жаңа фискалдық саясаттың айқындаушы элементтерінің бірі", — дейді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Министрлік мәліметінше, елімізде шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Мәселен, салық есебін тапсыру нысандарының саны жыл сайын төмендеп келеді – 2009 жылдан бері 70 пайыздан 60 пайызға азайған.

"Енді қосымша 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндеттемелер сомасы 1 млн теңгеден аспайтындар үшін мүлік, көлік және жер салықтары бойынша ағымдағы төлемдерді тоқсан сайын таппсыру міндеті жойылады. Кәсіпкер жыл қорытындысы бойынша бір декларация тапсырып, оларды сол кезде төлейтін болады", — дейді Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Ресми дерек бойынша бүгінде елімізде 2 млн-нан атсам шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді. Онда 4 млн азамат жұмыспен қамтылған. Үкімет басшысы бұл кәсіп иелерін қолдау үшін салықтық есептілік 30 пайызға, салықтар мен алымдардың саны 20 пайызға қысқаратынын айтты. Бұл кәсіпкерлердің есеп беруге жұмсалатын уақытын азайтып, бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлінуіне ықпал етеді.

"Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық. Адал бизнес салық органдарының келуін күтпей, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Айыппұл салуға емес алдын алуға баса назар аудару, ықтимал заңбұзушылықтар болған кезде алдын ала хабардар ету тетігі енгізіледі", — дейді премьер-министр Олжас Бектенов.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз