Жоғалған малын іздеп шыққан ауыл тұрғыны иен далада, өз көлігінің ішінде көз жұмған.
Қарағанды облысында бес күн бойы іздеуде болған зейнеткердің мәйіті табылды, деп жазады inbusiness.kz сайты КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
18 желтоқсанда Ағадыр кентінің тұрғыны жол талғамайтын көлігімен мал іздеуге шыққан. Алайда оның жоғалып кеткені туралы хабар жақындарына тек 2 күн өткен соң белгілі болған.
Қарияны іздеу жұмыстарына екі дрон мен спутниктік байланыс құралдары тартылды. Кеше күндіз шамамен сағат 11:00-де полиция қызметкерлері зейнеткерге тиесілі автокөлікті анықтады.
Көлік Ағадыр кентінен шамамен 35 шақырым қашықта, Ортау ауылы бағытына қарай, таулы аймақтағы дала жолында тұрған.
– Автокөлік қарға көміліп қалған, салонын қарағанда жүргізуші орындығында ер адамның денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр, – дейді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.