Сауда және интеграция министрі мәжіліс кулуарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін толықтыру туралы бұйрық 6 қаңтардан бастап күшіне енетінін және сол уақыттан бастап азық-түлік бағасын көтеру шектелетінін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізбесін кеңейту: 19 тауар болды, олар қалады, азық-түлік тауарларының санын 33-ке дейін көбейттік, оның ішінде қияр мен қызанақ бар. Әрине, сауда желілері қиынға соғатынын айтады, логистика өзгереді, көлік шығындары тағы бар дейді, бірақ біз келісімге келдік.

Бұл – уақытша шара, себебі мемлекет басшысының нұсқауы бойынша біз бағаны тұрақтандыру жоспарын әзірледік. Осы жоспардың аясында біз сауда желілерімен бірге қажетті маржа мен өсу қарқынын есептедік. Кейбір тауар бойынша 7-8 пайыз, кей өнімдерде өсім 25 пайызға жеткен. Динамиканы бақылап отырмыз, бүгін бұйрыққа қол қоямын, ол 2026 жылдың 6 қаңтарында күшіне енеді", — деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Оның айтуынша, бұйрық бір тоқсан бойы күшінде болады. Егер баға өсе берсе, шешім тағы бір тоқсанға ұзартылады, баға өсіміне шектеу 15 пайызға дейін болады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз