Үкімет әкімдікпен бірге осы мәселе бойынша нақты ұсыныс енгізуі тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін жаңа әуежай салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қаланың көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін жаңа әуежай салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Үкіметке әкімдікпен бірге осы мәселені мұқият пысықтап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын. Жуырда біз елімізде толыққанды авиахабтар қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Соның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыс та бар. Бірақ Қазақстанда өндірілетін авиа жанармай көлемі жеткіліксіз. Осы жағдай авиахабтарды дамытуға кедергі болуы мүмкін", – деді Президент Астананы дамыту жөніндегі кеңесте.
Сондықтан Үкімет авиа жанармай өндірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
"Бәлкім, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек шығар. Оның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Үкімет осыған қатысты өз ұстанымын айқындап, нақты шешім қабылдауы қажет", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.