Түркістан облысында 200 орындық Мәдениет үйі ашылды. Ынталы елдімекенінде бой көтерген нысанда оқырмандарға арналған заманауи кітапхана мен конференция залы орналасқан.
Одан бөлек түрлі бағыттағы шығармашылық және спорттық үйірмелерге де орын қаралған. Көптен күткен қуанышты жаңалыққа ауыл тұрғындары дән риза.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл тұрғындарын қуанышты сәтімен құттықтады. Өткен наурыз айында ауданының тұрғындарымен кездесуде көпшілік өңір басшысынан құрылысы тоқтап тұрған мәдениет үйін тезірек бітіріп беруді сұраған еді. Әкім уәдесін беріп, өз бақылауына алды.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Міне, бүгін бұл ғимаратты толық бітіріп, халық игілігіне тапсырғалы тұрмыз. Бұған қоса Қалшораев елді мекенінде Мәдениет үйі тапсырылды. Орталық саябақты жаңғырту мәселесі көтерілген болатын. Оны да біз толық іске қостық. Сіздердің сұраныстарыңызды кезең-кезеңімен шешіп келе жатырмыз.
Мәдениет үйі бір гектар аумақта орналасқан. Жоба құны – 794 млн теңге. Мұнда 70-тен астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады.
Әбдіғаппар Сыбанбаев, Ынталы ауылының ақсақалы:
- Мұның артықшылығы — спорт залы болып тұр. Әсіресе жастарға ойнайтын спорт залы бар. Кітапханасы бар. Көрермен залы, сахнасы бар. Барлығы жеткілікті болып тұр. Қауынышымыз құтты болсын.
Бұдан бөлек Қарнақ ауылында бой көтерген 300 орындық Мәдениет үйі де жақында пайдалануға берілмек. Мұнда көрермен залынан бөлек, хореография, түрлі үйірме кабинеттері мен асхана болады.
Исламхан Досхан, қадағалаушы:
- Жеке-жеке мамандарына арналған бөлмелері, өздерінің жеке аймағы болады. Әр бөлме қажетті жабдықтармен қамтылады. Қарнақ ауылының барлық тұрғындарына жақсы қызмет көрсететді деп сенеміз.
Жалпы Түркістан облысында 16 мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Биыл соның алтауы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш