Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйлеп, елорданы көркейтуге қатысты әкімдік пен үкіметке бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Smart City жобасын тездетіп аяқтау
"Бұған дейін менің тапсырмам бойынша Астанада Smart City жобасы қолға алынды.
Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады.
"Заң және тәртіп" қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуге тиіс. Астана әкіміне осы шаруаны тездетіп аяқтауды тапсырамын. Еліміздегі басқа қалалар да осындай платформаны енгізуге тиіс. Бұл жұмысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіруі керек", — деді президент.
Қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи жүйесін қалыптастыруды жеделдету
"Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осы тектес жобаларды іске қосу пысықталып жатыр. Соның аясында тәулігіне мың жарым тоннаға дейін қалдық өңдеу, электр энергиясын өндіру қарастырылған.
Ел бойынша қалдықтарды жоюды көздейтін 40-тан астам жоба жоспарланған. Олардың бәрі белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қоқыс полигондарын дамыту мәселесіне мән беру маңызды.
Бұл істі кейінге қалдырудың экологиялық салдары ауыр болатынын әрі оның тұрғындар тұрмысына теріс әсер ететінін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан үкімет осы бағытта қажетті шаралар қабылдағаны дұрыс", — дейді Тоқаев.
Экосаябақтар құру
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырды
"Мен бұған сенімдімін. Бұл стратегиялық сипаттағы міндет. Оның орындалуын Президент әкімшілігі қадағалауда ұстайды. Дегенмен бізге тез шешім қабылдап, әрі сапалы жұмыс атқару қажет. Әрбір мәселеге пікір таластырудың қажеті жоқ.
Елорда тұрғындарының көбі демалыста немесе мереке күндері әдетте Бурабайға барады. Жол қашық. Оның үстіне табиғи парктің экожүйесіне айтарлықтай салмақ түседі.
Сондықтан Астана маңайында экосаябақтар ашатын уақыт жетті. Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырамын.
Тағы да қайталап айтамын, ол жерлерде де тазалық болуға тиіс. Бурабайда не болып жатқанын қараңыздар. Ұят жағдай. Ұлттық қорықты бүлдіріп жатқан бөгде ғаламшарлықтар емес, өзіміздің халқымыз ғой", — дейді президент.
Өндірістегі қауіпсіздікті күшейту үшін нақты шаралар қабылдау
"Тағы бір мәселе: елордада жұмыста жүріп жарақат алу деректері көбейіп барады. Жыл басынан бері қаладағы өндіріс орындарында 32 адам зардап шегіп, 12 адам қаза тапқан.
Әкімдік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, өндірістегі қауіпсіздікті күшейту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс.
Жұмыс орнында болуы мүмкін қауіп-қатерлерді саралап, оқыс оқиғалардың алдын алу қажет. Әр қайғылы оқиғаның себеп-салдарын мұқият зерделеп, тиісті қорытынды жасаған жөн", — дейді Тоқаев.
Әлеуметтік нысандар халыққа қолжетімді болуға тиіс
"Сөз басында айтып өттім, қала халқының саны өте жылдам өсіп жатыр. Әлеуметтік инфрақұрылымға, әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне зор ауыртпалық түседі.
Мәселе тым күрделенбей тұрғанда, жүйелі жұмыс істеу керек. Астана әкімі бірқатар медицина нысанының жұмысымен таныстырды. Екі емхана және балаларға арналған травматология орталығы салынатынын айтты.
Қаланың медицина инфрақұрылымын дамыту – өте маңызды міндет. Осыған орай, әкімдікке Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін орталықтар адам тығыз қоныстанған аудандарда көбірек ашылуға тиіс. Бұл талап білім беру нысандарын салған кезде де қатаң сақталуы керек", — дейді президент.
Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту
"Тұрғын үйлер сапалы салынуы қажет. Астана – құрылыс қарқыны бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бері қалада 5 миллион шаршы метр үй салынған. Бұл – бүкіл елде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің төрттен бірі деген сөз. Әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ санды көбейтеміз деп, сапаны ұмытып кететіндер бар.
Мысалы, таяуда тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Тағы бір үйде лифт құлады. Екі жағдай да қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. Сапасыз материалдарды пайдалану, құрылысқа қатысты ережелерді және қауіпсіздік талаптарын сақтамау – нағыз қылмыс. Мұны ашық айтуымыз керек. Бұған мүлдем жол беруге болмайды.
Үкімет құрылыстың барлық кезеңін, яғни жобалаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейінгі үдерісті толық цифрландыруға тиіс. Сол арқылы бұл салада тәртіп орнатып, жұмыстың сапасын қамтамасыз етуі қажет.
Аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауы керек. Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет. Үй салып жатқан компаниялар мен мердігерлер туралы және сараптама нәтижелері жайлы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуға тиіс", — дейді Тоқаев.
Жаңа қосалқы станцияларды салуды жеделдету
"Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ісінде энергетикалық инфрақұрылым аса өзекті мәселе. Жаңа қосалқы станцияларды салуды жеделдеткен дұрыс. Мұнда қандай да бір кедергілерге жол бермеу керек. Үкіметке қажетті қаржыны бөлуді тапсырамын.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелері мен энергетикалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуі – кез келген қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің басты шарты. Олай болмаса қалған шаруадан қайран жоқ.
Мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылды. Ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты. Экономиканың қажеттілігі артып келе жатқанын ескерсек, қазір өндірілетін 29 миллиард текше метр тауарлы газ ішкі сұранысты толық өтей алмайды.
Сондықтан газ өңдеу бойынша жоспарланған барлық жобаны уақтылы іске қосу өте маңызды. Бұл жұмыс орнықты әрі кепілді ресурстық база қалыптастырумен қатар жүргізілуі керек", — дейді Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз