Әлеуметтік желіде Алматы метросындағы пойыздардың бірінен түтін шыққаны туралы ақпарат тарады. Метрополитен баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады. Ресми мәліметке сәйкес, Абай бекетінде сағат 18:04-те тоқтаған пойыздан түтін иісі сезілген. Алдын ала дерек бойынша ол қысқа тұйықталу болуы мүмкін, деп хабарлайды Қазақпарат.

"Машинист жедел түрде жылжымалы құрамды тоқтату және жолаушыларды түсіру бойынша тиісті шараларды қабылдады. Сағат 18:20-да жылжымалы құрам тексеру үшін депоға жіберілді. Себептері анықталып жатыр. Оның орнына резервтік құрам іске қосылып, пойыз қозғалысы 15 минут ішінде қалпына келтірілді. Метрополитен штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", - делінген хабарламада.

Алматы қаласы ТЖД мәліметінше, 112 пультіне метрополитен диспетчерінен "Абай" метро бекетінде қысқа тұйықталу болғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары жедел түрде жіберілген. Тексеру барысында ашық от анықталған жоқ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз