Бұл туралы Ақмола облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Атбасар колониясының 12 қызметкері азаптау ісі бойынша кінәсіз деп танылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осы жылдың ақпан айында алқабилер колония қызметкерлерін ақтаған болатын. Алайда сәуірде бірінші сатыдағы сот процедуралық бұзушылықтарға жол бергені белгілі болды. Сонымен 12 адам қайтадан сотталушы орындығына отырды.
"Алқабилер істі қарау қорытындысы бойынша сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім шығарды. Қылмыс оқиғасының болмауы және сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім кеңесу бөлмесінде дауыс беру арқылы қабылданды. Дауыс беруге 10 алқаби және 1 судья қатысып, әрқайсысы бір дауыстан ие. Дауыс беру кезінде артықшылық қарастырылмаған", – делінген сот хабарламасында.
Барлық сотталушылар кінәсіз деп танылды және оларды оңалту құқығы танылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.