Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барғаны мәлім. Онда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды, деп жазады Egemen.kz.
Еліміздің Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерге қатысты, сондай-ақ қолданбалы зерттеулерді дамытуға арналған ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты. Бұл құжаттар атом энергетикасының озық технологияларын игеру мен қауіпсіздікті арттыруға негіз болады.
Бұған қоса еліміздің Ұлттық ядролық орталығы жапондық бірқатар ғылыми және өндірістік құрылымдармен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Анығында Marubeni Utility Services Ltd. компаниясымен ғылыми байланыстарды кеңейту, Muroosystems Corporation компаниясымен пайдаланылған ядролық отын мен радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту көзделген. Сондай-ақ Фукуи университетінің Ядролық инженерия ғылыми-зерттеу институтымен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытындағы ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды бірлесіп жүргізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Жапония әлемдегі ең ірі АЭС-ті іске қосу туралы шешім қабылдады
Бұдан бөлек, Ядролық физика институты, Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Marubeni Utility Services Ltd. арасында жоғары температуралы газбен салқындатылатын реактор отынын сәулелендіру сынақтарын жүргізудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге арналған коммерциялық шарт жасалды. Бұл қадам саладағы нақты жобаларды іске асыруға жол ашады.
Қол қойылған құжаттар Қазақстан мен Жапония арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ғылыми-технологиялық зерттеулер мен инновациялық әзірлемелер саласындағы стратегиялық серіктестіктің нығайып келе жатқанын айғақтайды. Сондай-ақ екі елдің өзара сенімге негізделген байланысын жаңа деңгейге көтеріп, ұзақмерзімді әрі орнықты ынтымақтастыққа берік негіз қалайды.