Ресейдің "Энергия" зымыран-ғарыш корпорациясы ғарышкерлердің ұзақ мерзімді ұшулар кезіндегі денсаулығын қорғау үшін жасанды гравитация жасай алатын ірі айналмалы ғарыш станциясының жобасына патент алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Interesting Engineering дерегіне сүйенсек, бұл қадам Ресейдің 2028 жылы Халықаралық ғарыш станциясындағы (ХҒС) жұмысын аяқтағаннан кейін ұлттық пилотталған ғарыш бағдарламасының одан әрі дамуының ықтимал бағытын көрсетеді.
Аталған инновациялық жобаның басты мақсаты – салмақсыздықтың адам ағзасына тигізетін зиянды әсерімен күресу. Қазіргі таңда дәл осы фактор ғарышты терең игеруге басты қауіп саналып отыр.
Гравитация болмаған жағдайда адамның бұлшық еттері әлсіреп, сүйек тығыздығы азаяды. Сол себепті ХҒС экипажы күн сайын бірнеше сағат бойы міндетті түрде дене жаттығуларын жасауға мәжбүр. Жаңа станция осы мәселені түбегейлі шешу үшін Жердің тартылыс күшіне ұқсас тұрақты жасанды гравитацияны қамтамасыз етуді көздейді.
Патенттік құжаттамаға сәйкес, станцияның құрылысы алып айналмалы дөңгелекке ұқсайды. Тұрғын модульдер орталық біліктен шамамен 40 метр қашықтықта, дөңгелектің шабақтары сияқты радиалды түрде орналасады.
Айта кету керек, жасанды гравитация идеяларын тек Ресей ғана емес, басқа елдер де қарастырып келеді. Мысалы, NASA ондаған жыл бойы "Nautilus-X" секілді ұқсас тұжырымдамаларды зерттеп келеді, ал АҚШ-тың Vast атты жеке компаниясы коммерциялық айналмалы ғарыш станциясын жасау бағытында жұмыс істеуде.