Премьер-министр Олжас Бектенов мереке күндеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Жиында мереке күндеріндегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңартылған заңнама нормаларын енгізу, сонымен қатар 2026 жылға арналған жоспар мен президенттің "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Отырысқа төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, сондай-ақ Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері қатысты.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, мереке күндері патрульдік полицияның саны арттырылып, адамдар көп жиналатын орындарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Жаңа жыл түні ел аумағында мыңнан астам бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың басым бөлігіне балалар қатысады.
Оқи отырыңыз: Сиыр етін экспорттауға шектеу: үкімет ет бағасын әкімшілік жолмен тұрақтандыруға кірісті
Премьер-министр құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу үшін көшелер мен қоғамдық орындарда тиімді профилактикалық жүйе қалыптастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ бейнебақылау камералары арқылы жағдайды тұрақты бақылауды, оқиғаларға жедел әрекет етуді және адамдар көп жиналатын нысандарда лаңкестік қауіптердің алдын алуға бағытталған кешенді шараларды қабылдауды тапсырды.
"ІІМ мен ТЖМ күшейтілген жұмыс режиміне көшуге тиіс", – деді Олжас Бектенов.