8 желтоқсанда Әділет министрі мен Цифрлық даму министрінің бірлескен бұйрығымен кәсіби қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттау және біліктілік беру бойынша мемлекеттік қызметтерді автоматтандырылған тәртіпте көрсетуге арналған пилоттық жобаға өзгерістер енгізілді.


Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 31 наурызға дейін Әділет министрлігінің автоматтандырылған режимдегі пилоттық жобасы республиканың барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және елордада іске қосылады.

Ол мынадай бағыттарды қамтиды:

  • адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау;
  • нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткерлерді аттестаттау;
  • жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткерлерді аттестаттау;
  • сот сарапшыларын аттестаттау;
  • сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сарапшыларды аттестаттау;
  • патенттік сенім білдірілген өкіл қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау;
  • сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптаманың жекелеген түрлерін жүргізу құқығына біліктілік беру;
  • сот сарапшысы біліктілігін беру.

Аталған бұйрық 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.