Елордада блогерлер Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты сот процесі өтіп жатыр.


Олар "әлеуметтік желілер арқылы көп көлемде қаражат жинап, оны жеке қажетіне жұмсады" деген күдікке ілінген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Соттағы жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы ерлі-зайыптыларды аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыптау актісіне сай, Тотақановтар ұлы Әлішердің атынан аккаунт ашып, Түркия елінде өтетін емге деген желеумен ақша жинаған. Тергеу дерегінше, жиналған қаражаттың бір бөлігі жарнамаға, қарыздарды өтеуге, құмар ойындарға, жылжымайтын мүлік пен қымбат тауар сатып алуға жұмсалған.

Прокурор Толқын Тотақанованы 10 жылға қайырымдылықпен айналысу құқығынан айырып, мүлкін тәркілеуді, ал жазаны кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты 2 жылға шегеруді ұсынған. Дәулет Тотақановқа да дәл осындай жаза сұралып отыр, бірақ оны сот залында қамауға алу талап етілді.

Десе де, қорғаушы тарап айыптаумен келіспей отыр. Олар жиналған қаражат алдымен отбасының қарыздарын өтеуге жұмсалғанын, мүліктің қайырымдылық қаржысына алынғаны дәлелденбегенін мәлім етті.