Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесуде мемлекет басшысы өңірдің экономикасын күшейту керектігін айтты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Жамбыл облысының ахуалы әкім Ербол Қарашөкеевтің баяндамасына қарағанда жаман емес. Бірақ облыстың алдында маңызды, өзекті мақсаттар тұр. Бұл мақсаттарды толығымен орындау – әкімнің және бүкіл қызметшілердің ең негізгі міндеті.
Облыстың экономикасын күшейту керек. Оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар. Белсенді жұмыс басталды. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Тараз – ұлтымыздың асқақ рухы, бай мәдениеті, елдік мұраты және ерлік дәстүрі тоғысқан қала екенін, бұл – ежелгі өркениеттің ізі қалған жер екенін атап өтті.
"Шежірелі шаһардың жұртымыз үшін орны ерекше. Біз Тараздың екі мың жылдық тарихын мақтан етеміз. Әулиеата жерінде мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтқан талай тарихи оқиғалар болды. Қазақ хандығы осы аймақта құрылған. Көне қала тоғыз жолдың торабында тұр.
Ежелгі Ұлы Жібек жолы қарт Қаратаудың етегін басып өткен. Әйгілі керуен жолы жаңа заманда жаңа қарқынмен дамып келеді", — деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізі Жамбыл жері арқылы өтіп жатыр.
"Соның арқасында аймақтың стратегиялық маңызы артуда. Жамбыл облысы күн өткен сайын өркендеп келеді", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз