Астанада жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатқан колледж студенттерінің қатысуымен Жұмысшы мамандықтар жылының аяқталуына арналған ерекше флешмоб өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Елордада Жұмысшы мамандықтар жылының ресми жабылу рәсімі өтті. Іс-шара барысында колледждердің негізгі жетістіктері мен бастамалары, жұмыс берушілермен бірлескен кәсіби білім беруді дамыту және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытындағы нәтижелер таныстырылды.
Сонымен қатар кәсіби білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.
Осы айтулы оқиғаға орай елорданың Білім басқармасы флешмоб ұйымдастырып, оған жұмысшы мамандықтар бойынша білім алып жатқан колледждердің 2 000-нан астам студенті қатысты. Атап айтқанда, аспаздар, бармендер, тігіншілер, слесарьлар мен электрмонтажшылар акцияға белсене атсалысты.
Қатысушылар арнайы осы іс-шара үшін жазылған «Жүрек қалауы» әнін орындады. Бұл ән алдағы уақытта жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатқан барлық студенттің ортақ әнұранына айналады.