Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында жергілікті тұрғындармен кездесуінде Қазақстанның биылғы жетістіктеріне тоқталды. Мемлекет басшысы елімізге тартылған инвестиция мен халықаралық кездесулердің нәтижесінде жасалған коммерциялық келісімдер туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан көршілермен және барлық мүдделес мемлекеттермен дәйекті түрде достық қарым-қатынас пен жан-жақты ынтымақтастық орнатып келеді.
"Біздің мақсатымыз – айқын. Ол – елдің егемендігін нығайту, Қазақстанның қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін міндеттерді шешу. Әрбір саммит, жоғары деңгейдегі әр кездесу, бизнес-форум еліміздің халықаралық беделін арттырып, экономикалық әлеуетін күшейтеді.
Қазір бүкіл әлемде инвестиция үшін қызу бәсеке жүріп жатыр. Бізге бұдан қалыс қалуға болуға болмайды. Орталық Азиядағы және Кавказ аймағындағы экономикасы ең ірі ел саналамыз.
Алайда үкіметке сапалы өсімді қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Үкімет пен Ұлттық банк өзара келісе отырып, қазіргідей күрделі, тіпті, ерекше жағдайда академиялықтан және әсіресақтықтан ада, нақты шешім қабылдауы қажет.
Тек биылдың өзінде халықаралық кездесулердің нәтижесінде жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Соның арқасында елімізде заманауи кәсіпорындар ашылып, сапалы жұмыс орындары құрылуда", — дейді президент.
Оның айтуынша, "Орталық Азия плюс" форматына сұраныс артып келеді. Биыл аймақ елдері Еуропа Одағымен, Италиямен, Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен және Жапониямен бірлескен келіссөздер жүргізді.
"Аймаққа тартылған инвестицияның 60 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі.
Инвестициямен бірге жаңа технология, білім келеді, бірлескен ғылыми-техникалық орталықтар мен шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады.
Қазақстан тауарлары мен отандық бизнеске кез келген шекара ашық. Сондықтан барша шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық құру – заман талабы, тіпті, өмірлік қажеттілік.
Осылайша Қазақ елі жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Біз осы бағыттан таймай, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз