Үкімет барлық кәсіпкерлерге бей-берекет қолдау көрсетуден бас тартып, бизнес үшін әділ жағдай жасауға назар аударуы керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мәлімдеп, шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың неге нәтиже бермей отырғанын түсіндіріп айтты, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекеттің араласуын азайтуға басымдық беру керек
Оның айтуынша, шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау шаралары, әсіресе жергілікті деңгейде, әлі де жеткілікті тиімді емес. Депутат мемлекеттік қолдау бағдарламаларын тек билік партиясымен ғана емес, бүкіл көппартиялы парламенттің қатысуымен әзірлеуге шақырды.
«Мемлекеттік қолдау бағыттарын елеулі түрде қайта баптау қажет. Оның ішінде рәсімдер мен бағыттарды қысқарту, бюрократия мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою маңызды. Біздің ойымызша, барлық кәсіпкерлерге бірдей ақша үлестіргеннен гөрі, тиімді ШОБ қалыптастыруға, әділ жағдай жасауға және мемлекеттің араласуын азайтуға басымдық беру керек. Кейде тым көп әрі тиімсіз таратып отырғаннан гөрі, өз табысын өзі тапқан және оны шенеуніктерден жақсырақ басқара алатын адамдарға көбірек қалдырған дұрыс», деді депутат.
100-ден астам мемлекеттік қолдау шараларын әзірлегендердің өздері шатасуы мүмкін
Депутаттың айтуынша, бүгінде елде 100-ден астам мемлекеттік қолдау шарасы бар, олардың ішінде «тіпті оны әзірлегендердің өзі шатасуы мүмкін».
«Соңғы 10 жылда ШОБ субъектілерінің саны жыл сайын формалды түрде 2 миллионға дейін өскенімен, 205 мың кәсіпорын жабылды. Үкіметтің бизнесті бөлшектеумен және басқа да «елестермен» күресі шеңберінде жаңа Салық кодексі қабылданса, келесі жылы тағы бірнеше мың кәсіпорын жабылады деп күтуге болады. Ал мемлекеттік қолдаудың тағы бір мақсаты – бизнесті шағыннан орта деңгейге, одан әрі өсіру болуы тиіс. Бұл табыстың күрт артуын, инвестициялардың кеңеюін және жаңа жұмыс орындарының ашылуын білдірер еді. Алайда соңғы он жылда орта бизнестің үлесі 0,2% деңгейінде қалып отыр, ал оның экономикаға қосқан үлесі шамамен 7%. Яғни, тиімділігі әлдеқайда жоғары», деді А.Перуашев.
Оның айтуынша, ұлттық жоспарда қойылған орта бизнесті дамыту міндеті іс жүзінде орындалмаған.
Шығындарды Үкімет жариялаған жаңа қолдау бағдарламасы қаншалықты өтей алады?
«Аудиторлық есеп те өңдеуші өнеркәсіп те, саудада және ауыл шаруашылығында ШОБ-тың жалпы өнім шығарудағы үлесінің азайғанын көрсетіп отыр. Бұл экономиканы әртараптандыру қарқынының баяулағанын және аталған салаларда мемлекеттік қолдаудың әсері жеткіліксіз екенін білдіреді. Рас, 2015 жылдан бері ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 40%-ға өсіп, 4,4 млн адамға жетті, яғни экономикалық белсенді халықтың 48%-ын құрайды. Бұл қуантады. Бірақ жаңа Салық кодексіндегі арнайы режим бойынша шағын бизнестің мәмілелерін шектеу шаралары жұмыспен қамтуға қалай әсер ететіні және бұл шығындарды Үкімет жариялаған жаңа қолдау бағдарламасы қаншалықты өтей алатыны әзірге белгісіз», деді А.Перуашев.
Бизнеске қатысты әділетсіз бәсекелестік туындап отыр
Ол қаржылық емес мемлекеттік қолдау шараларының операторы «Атамекен» ҰКП екенін, алайда қызметтердің құны бюджет бағдарламаларының әкімшісі тарапынан тиісті бағалаусыз, палатаның өз тарапынан белгіленетінін айтты.
«Бұл қызметтердің бір бөлігі – құқықтық, қаржылық консалтинг және басқа да қызметтер – бәсекелі нарықта кеңінен ұсынылған. Яғни қолдаудың орнына бизнеске қатысты әділетсіз бәсекелестік туындап отыр. Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата көптеген қызметтердің бір адамдарға, кейде туыстық байланыстары бар тұлғаларға көрсетілетінін атап өтеді. Мұндай консультациялардың әсері бизнестің сапасын арттыруда емес, қаржыны игеруде болып отыр», деді депутат.
Мемлекеттік органдар, тіпті мемлекет бөлген ақшаны да кәсіпорындарға жеткізгісі келмейді
Оның сөзінше, мемлекеттік органдарда да жағдай көңіл көншітпейді.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2023 жылы өңдеуші өнеркәсіпті қаржыландыруға «Қазына Капитал Менеджментке» бөлінген 35 млрд теңгенің қалай пайдаланылғанын қадағаламаған. Ал 2023 жылы отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге бюджеттен шамамен 2 млрд теңге бөлініп, оның небәрі 3%-ы ғана игерілген. Қалған 1,9 млрд теңге QazIndustry-дің банк шотында жатыр. Шенеуніктер отандық өндірушілерді осылай «қолдап» отыр. Тіпті мемлекет бөлген ақшаны да кәсіпорындарға жеткізгісі келмейді. Әрине, өздеріне сыйақы жазып алатын шығар», деп наразылық білдірді депутат.
Бірнеше ірі компанияны қолдау өнеркәсіпті ынталандырудың бүкіл көлемін «жұтып алмауы» тиіс?
Ол ірі металлургиялық компаниялардағы акционерлердің ауысуы талқыланып жатқан жағдайда кредиттерге сұраныс күрт өсіп, инвестициялық белсенділік артатынын, бұл ондаған триллион теңгеге дейін жететін қомақты қаражат тартуды талап етуі мүмкін екенін қосты.
«Біз стратегиялық салаларға ұлттық инвесторлардың келуін қолдаймыз, себебі жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі. Алайда бірнеше ірі компанияны қолдау өнеркәсіпті ынталандырудың бүкіл көлемін «жұтып алмауы» тиіс. Мемлекеттің негізгі міндеті – экономиканы әртараптандыру және шикізатқа тәуелділіктен арылу. Сондықтан бұл саладағы саясат нарықтық, яғни ашық және бәсекелі қағидаттарға негізделуі қажет», деп түйіндеді мәжілісмен.
Бұған дейін жаңа экономикалық реформаны әзірлеушілерді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова тиімсіз жұмысы үшін сынға алған.