Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі жетекші шетелдік университеттермен стратегиялық серіктестіктерді жүйелі түрде дамытып, Қазақстанды өңірлік білім беру орталығы ретінде қалыптастыруға және азаматтардың сапалы халықаралық білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған жұмысты жалғастырды, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан әлемнің жетекші университеттерінің есігін ашады
Қазақстанда 40 жетекші шетелдік университетпен стратегиялық серіктестік орнатылған, оның ішінде 33 филиалы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр. Бұл қадамдар бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау, ғылымды дамыту және елдің әлемдік академиялық қауымдастыққа интеграциялануы үшін мықты негіз қалыптастырады.
Шетелдік университеттердің филиалдары озық білім беру бағдарламалары мен заманауи ғылыми тәжірибелерге жол ашады, технологиялар мен инновациялар трансфертіне ықпал етеді, сондай-ақ оқыту мен зерттеулер сапасының жаңа стандарттарын қалыптастырады. Олар отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, студенттерге Қазақстаннан шықпай-ақ халықаралық диплом алуға мүмкіндік береді және республиканың жаһандық академиялық әрі зерттеу кеңістігіне қатысуын кеңейтеді.
Қазақстанның шетелдік университеттермен әріптестігі РФ, АҚШ, Ұлыбритания, ҚХР, Корея Республикасы, Франция, Германия, Италия, Польша, Түркия және Өзбекстан университеттерін қамтиды. Филиалдарда оқыту экономиканың басым және кадр тапшылығы бар бағыттарға мамандар даярлауға бағытталған 162 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі.
Халықаралық білім – елімізде: Орталық Азиядағы алғашқы Russell Group кампусы
2025 жылғы қыркүйектен бастап Cardiff University, Woosong University, ММХҚИ, Марке политехникалық университеті және Анхальт қолданбалы университеті филиалдарында оқыту басталды.
Сондай-ақ биыл Coventry University Kazakhstan (2024 жылы ашылған) жаңа бағдарламаларға қабылдау өткізді. Coventry University Kazakhstan – Біріккен Корольдіктің Coventry University лицензияланған кампусы және белгіленген үлгідегі британдық диплом алуға мүмкіндік беретін Астанадағы алғашқы британдық университет.
Астанада Cardiff University Kazakhstan салтанатты түрде ашылды. Бұл – Cardiff University-дің алғашқы шетелдік кампусы әрі Орталық Азиядағы Russell Group университеттері тобына кіретін жалғыз кампус. Аталған оқиға халықаралық білім беруді дамыту мен Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сондай-ақ елордада Coventry University Kazakhstan өз жұмысын бастады – бұл Астанада ашылған алғашқы британдық университет. Ол – Ұлыбританияның Coventry University университетінің лицензияланған кампусы және белгіленген үлгідегі британдық диплом алуға мүмкіндік береді.
Woosong University және New York Film Academy: өңірлердегі халықаралық білім беру
Түркістан қаласында ақпараттық технологиялар саласы бойынша Орталық Азия үшін білікті мамандар даярлауға бағытталған Woosong University (Оңтүстік Корея, WSUK) филиалы ашылды. Университет Қазақстанның студенттері мен жас мамандарына жасанды интеллект пен деректер ғылымына (Data Science) басымдық беретін жоғары сапалы IT-білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қаскелең қаласында New York Film Academy филиалы өз жұмысын бастады – бұл Қазақстандағы әлемдік деңгейдегі алғашқы шығармашылық университет және Орталық Азиядағы америкалық кино мектебінің жалғыз кампусы.
Сапа стандарттары: әлемдік топ-рейтингтерге бағдар алу
Халықаралық серіктестіктердің сапасын қамтамасыз етудегі маңызды құралдардың бірі – шетелдік университеттердің QS, ARWU, THE халықаралық академиялық рейтингтерінің топ-250 қатарына енуі жөніндегі талап болды. Бұл жоғары академиялық және ғылыми беделге ие университеттермен ынтымақтастыққа басымдық беруге мүмкіндік берді.
Шетелдік университеттердің филиалдарын ашу ұлттық жоғары білім беру жүйесінің дамуына жүйелі түрде ықпал етеді. Атап айтқанда, кадр даярлаудың халықаралық стандарттары енгізіліп жатыр, практикалық бағыттағы оқу жоспарлары іске асырылып, ағылшын тілінде оқыту кеңеюде, бас университеттердің цифрлық платформалары мен кітапханалық ресурстарына қолжетімділік қамтамасыз етіледі, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы жаңартылып жатыр.
Бірлескен жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде өңірлерде жаңа оқу-зертханалық корпустар мен жатақханалар пайдалануға берілді, шетелдік университеттер филиалдары үшін жеке кампустар ұсынылды. Бұл қатарда Аризона Университеті, Heriot-Watt University, РХТУ, SeoulTech, Бейжің тілдер және мәдениет университеті, Марке политехникалық университетімен серіктестік жобалар бар. Сонымен қатар Cardiff University, Coventry University, МИФИ және ММХҚИ үшін жеке кампустар салу жұмыстары жүргізіледі.
Инвестициялар және нақты экономикалық сектормен өзара іс-қимыл
Стратегиялық серіктестіктерді дамытуда индустриялық серіктестердің де үлесі зор. Мәселен, «Қазфосфат» ЖШС РХТУ филиалын қолдауға қаржы бөлді. Сонымен қатар көптеген шетелдік жоғары оқу орындары зертханалық және оқу жабдықтарын сатып алу арқылы инвестиция тарту тәжірибесін жүзеге асырып келеді. Мәселен, қытай тарапы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Лу Бань шеберханасы үшін жабдықтар сатып алуға және оқытушыларды даярлауға қаржы бөліп, сондай-ақ «SMART Driving Technology» инжинирингтік орталығын құруды қолдады. Ал Сеултехтің «LUPIC» жобасы аясында корей тарапы Қорқыт Ата университеті базасында жасанды интеллект институтын дамытуға қаржылай қолдау көрсетті.
Филиалдарды ашудағы негізгі басымдық өңірлік жоғары оқу орындарының академиялық және ғылыми әлеуетін арттыру, оларды академиялық артықшылық орталықтарына айналдыру, сондай-ақ атом саласы, «жасыл» технологиялар, су қауіпсіздігі және басқа да стратегиялық маңызы бар, кадр тапшылығы байқалатын бағыттар бойынша мамандар даярлауға берілген.
Халықаралық бәсекеге қабілеттіліктің артуы: Қазақстан QS Asia 2026 рейтингінде
Жүйелі жұмыстың нәтижелері QS Asia 2026 рейтингінде көрініс тапты. Аталған рейтингке 44 қазақстандық жоғары оқу орны енді, оның ішінде 10 жаңа университет алғаш рет қамтылды. Бұл ұлттық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда елді өңірлік академиялық орталыққа айналдыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – білім беру жүйесін халықаралық озық тәжірибелер мен білім трансфері арқылы нығайту, сондай-ақ шетелдік студенттерді тарту.
35 мың шетелдік студент: Қазақстан – таланттарды тарту орталығы
Академиялық орталықты дамыту жаңа стратегиялық бағыт – академиялық туризмді де қамтиды. Осы мақсатта отандық жоғары білімнің халықаралық аренадағы тартымдылығын арттыруға арналған «Study in Kazakhstan» жобасы іске қосылды. Жобаның амбициялы межесі – 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізу.
Биылғы оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарында 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр, бұл рекордтық көрсеткіш болып отыр.
Қазақстан – өңірлік академиялық орталық: стратегиядан тұрақты нәтижеге дейін
Жетекші шетелдік университеттермен стратегиялық серіктестіктерді дамыту Қазақстанды жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялаудың және жоғары білімнің орнықты дамуын қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі болып отыр.
Сонымен қатар жетекші шетелдік университеттерді тарту саясатын іске асыру Қазақстан үшін ұзақмерзімді экономикалық, кадрлық және геосаяси тиімділік қалыптастырады. Білім беру секторы шикізаттық емес табыс көзіне, ал академиялық туризм экономика өсуінің дербес бағытына айналып келеді. Елімізде халықаралық дипломдарды алу білім беру миграциясын төмендетеді, талантты жастар мен қаржы ресурстарын елде сақтап қалады, сонымен бірге оқыту мен ғылымның халықаралық стандарттарын енгізу есебінен кадрлар даярлау сапасын арттырады.
Осылайша, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары технологиялар трансфертін, қолданбалы зерттеулердің дамуын және экономиканың басым салалары үшін мамандар даярлауды жеделдетеді, сондай-ақ өңірлерде жаңа өсу нүктелерін қалыптастырады. Жиынтығында бұл шаралар Қазақстанның халықаралық ұстанымын нығайтып, білім беру дипломатиясының құралдарын кеңейтеді және елдің өңірлік академиялық орталық ретіндегі мәртебесін бекітеді.