Алматы қаласының құқық қорғау органдары «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортындағы мейрамханада болған жанжалға қатысты тексеру жүргізіп, қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берді, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаланың мейрамханаларының бірінде болған оқиғаның бейнежазбасы тараған еді. Бейнежазбада мейрамхана қонағы мен мекеме әкімшісі арасында жанжал туындаған.

Аталған оқиға бойынша Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізіп, жанжалға қатысы барларды анықтап, олардан түсініктеме алды. Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият зерделенді.

«Тексеру барысында тараптар жағдайдың эмоциялық әсерден туындағанын атап өтті. Олардың айтуынша, кейбір сөздер мен әрекеттер ашу үстінде жасалған және олардың шынайы ұстанымын білдірмейді», деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ жанжал барысында тараптардың бір-біріне жеңіл дәрежеде физикалық әсер қолданғаны анықталды.

«Екі тарап өзара кешірім сұрап, татуласты және болған жағдайға өкініш білдірді. Сонымен қатар олар азаматтарды бір-біріне құрметпен қарап, кез келген келіспеушілікті бейбіт жолмен шешуге шақырды», деп атап өтті департамент өкілдері.

Сонымен бірге тексеру нәтижесінде жанжалға қатысқан тараптардың әрекеттеріне құқықтық баға берілді. Екі қатысушыға да ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен олар 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция тұрмыстық келіспеушіліктер, қарым-қатынас немесе тіл мәселелері ешқашан жанжалға, арандатуға және қоғамдық тәртіпті бұзуға себеп болмауы тиіс екенін еске салды.

«Ұлтаралық немесе тілдік тақырыптарда арандатушылық жасау – жол берілмейтін әрекет және ол қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіреді», деп атап өтті департаментте.

Құқық қорғау органдары «қоғамымыздың негізі – өзара құрмет, бірлік пен келісім» екенін тағы да еске салды.

«Алматы қаласының полиция департаменті заңнама аясында қатаң жұмыс істейді, барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді және жанжалдарды ұйымдастыруға немесе арандатуға қатысы бар тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылатынын ескертеді», деп толықтырды ведомство.

Айта кетейік, Шымбұлақтағы «Gusto» мейрамханасында әкімші қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, қонаққа дөрекі сөйлегені үшін сынға қалған еді. Әлеуметтік желі қолданушысының айтуынша, ол қазақша қызмет көрсете алатын даяшы бар-жоғын сұрағанда, әкімші бұған міндетті емес екенін айтып, дөрекі жауап берген.