Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді , деп жазады inbusiness.kz сайты.

Агенттік мәліметінше, аталған азаматша СПА-орталық ашып, онда боди массаж қызметтерін ұсынған. Жеңгетайлық фактісі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылып, 114 миллион теңге көлеміндегі қаражат мемлекет кірісіне тәркіленді.

"Тергеу барысында бұл әйелдің қарамағында 15 қыз жұмыс істегені анықталды. Олар күніне 3-4 клиентке қызмет көрсеткен. Қызмет бағасы 30 мыңнан 150 мың теңгеге дейін жеткен", – деді Жеңіс Елемесов.

Қаржы қозғалысын талдау нәтижесінде екі жыл ішінде күдіктінің 2 миллиард теңгеден астам табыс тапқаны белгілі болған. Тергеу барысында құны 1,5 миллиард теңгеден асатын активтер анықталды. Олардың қатарында пәтерлер, коммерциялық нысандар мен люкс автокөліктер бар.

Сондай-ақ, әйел тапқан қаражатының бір бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып, қайта сататын бизнеске салғаны белгілі болды. Бұл бағыттан да ол табыс тапқан.

"Барлық табыс көздері есепке алынып, мүлікке тыйым салынды. 1,5 миллиард теңге көлеміндегі активтер мемлекет меншігіне өтті", – деді агенттік өкілі.