Қостанай және Қызылорда қалаларының әуежайларына монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Агенттіктің мәліметінше, өңірлердегі әуежай қызметтері нарығы субъектілеріне қатысты авиаотын сату кезінде монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұру фактілері бойынша монополияға қарсы шаралар жұмысы жүргізілген.
Агенттіктің Қостанай облысы бойынша департаменті "Ахмет Байтұрсынұлы атындағы "Қостанай" халықаралық әуежайы" АҚ-ға қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 1) тармақшасында көзделген басым жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша тергеп-тексеруді аяқтаған.
Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша акционерлік қоғамға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалған. Мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соттың шешімімен нарық субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұл мен монополиялық кірісті тәркілеудің жалпы сомасы 16,6 млн теңге болған. Сот қаулысы заңды күшіне енген.
Сонымен қатар акционерлік қоғамның атына монополияға қарсы заңнаманы бұзуды тоқтату туралы нұсқама енгізілген.
Ұқсас шаралар "Қорқыт Ата" әуежайы" АҚ қызметінде анықталған бұзушылықтар бойынша қабылданған. Тергеп-тексеру барысында авиаотын құнының негізсіз көтерілгені анықталған.
Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша акционерлік қоғамға 7,3 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 2,5 млн теңге көлемінде монополиялық кіріс тәркіленген.
Сондай-ақ бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, оны орындау шеңберінде авиаотынның сату бағасы 780 000 теңгеден 533 750 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) төмендетілген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз