Қайта салынған көпірдің ұзындығы – 238 метр, ал ені – 17,1 метр.

Атырау облысы Құлсары қаласында көктемгі тасқын салдарынан зақымданған көпір толық қайта жаңғыртылып, қайта пайдалануға берілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, жөнделген нысан Құлсарыдағы "Достық" шағын ауданында орналасқан.

Жобаны жүзеге асыруға Жылыой аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тапсырыс берсе, құрылыс жұмыстарын "SK Kazalem" ЖШС жүргізген.

Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Адиновтың айтуынша, өткен көктемде қауіпсіздік мақсатында көпір арқылы көлік пен тұрғындардың жүруіне уақытша тыйым салынған болатын.

"Бұл көпір тек инфрақұрылымдық нысан емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен күнделікті қатынасын қамтамасыз ететін маңызды өткел. Енді моноқаладағы көлік қозғалысы анағұрлым ыңғайлы әрі қауіпсіз болады", – деді қала басшысы.

Жаңғыртылған көпірдің ашылуы Құлсары тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қала инфрақұрылымын жақсартуға елеулі үлес қосатыны күтіледі.