Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров әлем чемпионаттарының жеңімпаздары Сәкен Бибосынов пен Әсел Қанайға көлік кілтін табыстады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан қаласында Жаңа жыл қарсаңында ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғаған спортшыларды ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерін марапаттап, су жаңа автокөліктердің кілтін табыстаған.
Ол өңір мақтанышы Сәкен Бибосыновтың халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келе жатқанын айтып, оның Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанып, екі рет әлем чемпионатында топ жарғанын, биыл Дубай қаласында өткен әлем чемпионатында 54 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанғанын ерекше атап өтті.
"Сондай-ақ өңір басшысы Египетте өткен каратэден әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған Әсел Қанайдың жетістігіне тоқталып, бұл жеңістің айрықша мәнге ие екенін жеткізді. Әсел Қанайдың 2025 жылы өз салмақ дәрежесінде әлемнің ең үздік спортшысына берілетін "Гранд Виннер" атағын иеленуі, сондай-ақ бұған дейін Азия ойындарының қола жүлдегері және Азия чемпионатының жеңімпазы атанғанына мән берді.
Марапаттау рәсімінде каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсел Қанай және бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа автокөлік кілті табысталды", — делінген хабарламада.
Шымкентте бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа құрмет көрсетілгенін жазған едік. Орталық Азия Инновациялық университетінде өткен университет түлегі Сәкен Бибосыновпен кездесуде университет басшылығы Сәкен Бибосыновқа екі миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табыстап, сәйгүлік мінгізіп, шапан жапқан.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз