Астанада күн райының күрт бұзылуына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды елорда әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Әкімдіктің мәліметінше, Астанада қолайсыз ауа райы сақталып отыр. Түнде қалада жаңбыр жауған.

Тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр.

Өткен түнде қаладан қар полигондарына 1 354 ауыр жүк көлігі рейсімен 17 мың текше метрден астам қар шығарылған.

Бүгін таңнан бастап қар тазалау жұмысына шамамен үш мың жол жұмысшысы және 1,4 мыңнан аса арнайы техника жұмылдырылған.

"Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Сонымен қатар аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету ПИК пен МИБ-тің міндеті екенін атап өткен жөн. Олар тұрғындардың қолайлылығы мен қауіпсіздігі үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс", — делінген хабарламада.

Сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша мұқият болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауға шақырады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз