8 мың көлік тіркелмей тұр.

Ақтауда шетелдік көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жиналып, оларды заңдастыру құнын төмендетуді талап етті. Тұрғындар утиль алымы мен алғашқы тіркеу бағасының жоғары екенін айтып, бұл шығындар қалтаға айтарлықтай салмақ түсіретінін жеткізді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жүргізушілердің айтуынша, кейінгі жылдары Грузия, Армения және басқа елдерден арзан әрі сапалы көліктер көптеп әкелінген. Олар кедендік төлемдерді толық төлегендерін айтады. Алайда көлікті тіркеу кезінде қосымша төлемдердің қымбаттығы қиындық туғызып отыр.

Ақтаулық тұрғын Азат Жайлау утиль алымы мен алғашқы тіркеу төлемдерін әділетсіз деп санайды. Оның пікірінше, бұл төлемдер халыққа ауыр тиіп, ашықтық мәселесін туындатып отыр.

Ал тағы бір тұрғын Талғат Демегенов өңірде шамамен 8 мыңға жуық көлік бар екенін айтып, тіркеу құны төмендетілсе, бюджетке де айтарлықтай кіріс түсетінін алға тартты.

Сонымен қатар, кейбір жүргізушілер көліктерін сақтандыра алмай отырғандарын жеткізді. Олардың сөзінше, заң жүзінде тіркелмеген көліктерді сақтандыру мүмкіндігі жоқ, алайда жол ережесін бұзған жағдайда айыппұл салына береді.

Мәселе Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаттарының назарына ұсынылды. Депутат Нұри Тумышев бұл сұрақ бойынша Парламентке депутаттық сауал жолданатынын мәлімдеді.

Тұрғындар бұл түйткіл тек Ақтауға ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша өзекті мәселе екенін айтып, тиімді шешім қабылдауды сұрап отыр.