Астана халықаралық форумы аясында премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) Түркия және Орталық Азия бойынша директоры Вибке Шлоемермен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .

СІМ мәліметінше, тараптар ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасып, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға IFC-дің белсенді қатысу мүмкіндіктерін талқылады.

Сонымен қатар ҚР СІМ басшысы Корпорацияны арнайы экономикалық аймақтарды дамыту бойынша тығыз өзара іс-қимылға шақырып, олардың орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі және инвестициялар тартудағы маңызды рөлін атап өтті.

Кездесу нәтижесінде сұхбаттастар серіктестікті кеңейтуге өзара мүдделілігін растады және перспективалы бағыттар мен жобалар бойынша ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.