Талдықорғанда 30 сәуір күні жоғалып кеткен 10 жасар баланы іздеу шаралары аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.


Баланың жоғалғаны туралы полицияға анасы хабарлаған. Оның айтуынша, ұлы таңғы сағат 08:30 шамасында үйден ренішпен шығып кетіп, қайта оралмаған. Әуелде әйел баласы өздігінен келер деп ойлаған, бірақ сағат 11:00-ге таман баласынан хабар болмаған соң, полиция көмегіне жүгінген.

Осыдан кейін ауқымды іздестіру шаралары басталды. Бұл жұмысқа кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция қызметкерлері, криминалдық полиция және департаменттің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары тексеріліп, бала жүруі мүмкін бағыттар, аулалар мен қоғамдық орындар қаралған.

Екі тәулікке созылған іс-қимылдың нәтижесінде полицейлер баланың қайда екенін анықтады. Ол аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды.

– Қазіргі уақытта бала табылып, анасына қайтарылды. Сондай-ақ жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Баланың осы уақыт бойы нақты қайда болғаны анықталып жатыр. Полиция өкілдері баланың үйден кетуіне отбасындағы тұрмыстық жанжал себеп болғанын айтты.

– Мұндай жағдайлар көбіне баланың ішкі сезіміне байланысты болады. Тіпті бір қарағанда елеусіз көрінген кикілжіңнің өзін бала тым ауыр қабылдауы мүмкін. Сондықтан баланың мінез-құлқына дер кезінде назар аударып, олармен жақын қарым-қатынаста болу маңызды, – делінген хабарламада.