Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Польшада тұтқындалған Қазақстан азаматының бостандыққа шығуына септігін тигізген Беларусь президенті мен Ресей президентіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Польша президентіне осы жағдайға байланысты байыпты шешім қабылдағаны үшін алдағы уақытта алғыс айтып, хат жолдамақ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр Telegram желісіндегі арнасында мәлім етті.
"Польша республикасының аумағында бұған дейін тұтқындалған Қазақстан азаматы биыл 28 сәуірде бостандыққа шыққаны белгілі.
Мұндай нәтижеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарын, соның ішінде шетелдегі отандастарымыздың құқығы мен мүддесін дәйекті түрде қорғауының арқасында қол жеткізілді", — делінген хабарламада.
Осы орайда мемлекет басшысы таяуда Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, күрделі жағдай кезінде екі ел конструктивті тұрғыдан ынтымақтаса әрекет еткені үшін ризашылығын білдірген.
Сонымен қатар Қазақстан президенті оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге ықпал еткен Ресей президенті Владимир Путинге де алғыс айту орынды деп санайды.
Мемлекет басшысы Польша президенті Кароль Навроцкий мен премьер-министр Дональд Тускке Польша тарапы орын алған жағдайға байланысты байыпты шешім қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, хат жолдамақ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз