Төлеби ауданына қарасты Екпінді ауылындағы Ақмешіт өзені арқылы өтетін екі өтпелі көпір қатты жауын-шашын салдарынан бұзылып, өзеннің арғы бетінде демалып жүрген азаматтар кері өте алмай қалған, деп хабарлайды Zakon.kz.


ІІМ мәліметіне сүйенсек, оқиға орнына бірінші болып жеткен полиция қызметкерлері жағдайды жедел бақылауға алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында шұғыл әрекет етті. Жергілікті атқарушы органдар және төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесе отырып, арнайы техникалық құралдарды пайдаланып, эвакуациялық жұмыстарды ұйымдастырды.

Полицейлердің үйлесімді әрі жедел іс-қимылының нәтижесінде өзеннің арғы бетінде қалған 78 азамат, оның ішінде 28 жасөспірім аман-есен бергі жағаға өткізілді.

Барлық эвакуацияланған тұрғындар тұрғылықты мекенжайларына жеткізілді. Жедел ахуал полицияның толық бақылауында, жағдай тұрақты.

Бұған дейін жазғанымыздай, 1 мамырда Түркістан облысындағы Ақмешіт ауылында орналасқан туристік аймақта жауын-шашынның салдарынан су тасып, демалыс аймағы мен пикникке арналған аумақты жалғап тұрған уақытша, қолдан жасалған екі көпірді су ағызып әкетті.