Камзол қайта құру жылдары жоғалып кеткен.
Қазақстанның халық әртісі, "Қыз Жібек" фильміндегі басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешева журналист Майя Бекбаеваға берген сұхбатында Баян Алагөзованың камзолына қатысты алғаш рет пікір білдірді.
Меруерт Өтекешеваның айтуынша, ол камзолды арнайы іздеуге тырыспаған. Себебі бұған дейін киностудияда жүрген кезінде сұрастырғанымен, қайта құру жылдары көптеген костюмдердің жоғалып кеткені белгілі болған.
Актриса сондай-ақ камзолды сол уақыттан бері алғаш рет продюсер Баян Алагузова әлеуметтік желіде жариялаған видеодан көргенін айтты.
"Көпшілік бұл жағдайға наразы болды. Бірақ оның шығармашылық адам ретінде сезінген қуанышы болды. Шын мәнінде, ол ешкімді ренжіткісі келген жоқ. Баян Алагөзова камзолды сақтайды, уақыт өте келе оны музейге тапсырады. Ол жағын Баянның өзі шешеді", – деді актриса.
Меруерт Өтекешева камзолдың жақсы сақталғанын атап өтті. Оның айтуынша, "Қыз Жібек" фильміндегі костюмдер өте сапалы, қымбат материалдардан, табиғи аң терісінен тігілген және кейін басқа фильмдерде де қолданылған.
Еске салайық, жуырда "Қыз Жібек" кейіпкерінің аңызға айналған камзолы қоғамда қызу талқылауға түсті. Баян Алагөзова бұл киімнің өзінің жеке коллекциясында екенін және оны сыйлық ретінде алғанын мәлімдеген болатын.
Оқи отырыңыз:
- Қыз Жібектен – Баян сұлуға дейін: Камзол дауы "Қазақфильм" жәдігерлерін түгендеуге түрткі бола ма
Баян Алагөзованың қолына "Қыз Жібек" фильмінде Меруерт Өтекешова киген камзол қайдан түсті?