«Орталық Азия – Италия» саммитінің Рим мен аймақтағы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызы зор. Италиялық БАҚ осылай деп жарыса жазуда, деп хабарлайды 24kz.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Қазақстан – Орталық Азиядағы жетекші экономикалық қозғаушы күш. Аймақтағы бұл ел Италияның ең ірі сауда серіктестерінің үздік үштігіне кіреді. Италиялық Decode39 басылымы осылай деп жазады. Мақалада Италия Премьер-министрі Джорджия Мелонидің Қазақстанға сапары тараптардың байланысын нығайтуға арналған маңызды дипломатиялық миссия екені баяндалған. Сондай-ақ Қазақстанның геосаяси тұрғыда жоғары мәнге ие, пайдалы қазбаға бай өлке екені де тілге тиек етілген. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 25%-ке ұлғайып, $20 миллиард долларға жетті.

La Repubblica: Қазақстан Римнің жаңа ресурс қақпасына айналады

Стратегиялық маңызы бар шикізат көзін іздеуде Қазақстанның рөлі орасан. Рим осы тұрғыда Астанаға қызығушылық танытып отыр. Италиялық La Repubblica басылымында осындай тақырыпта ауқымды мақала жарияланды. Онда автор табиғи ресурсқа бай өлкеде Еуроодақ маңызды деп таныған 34 элементтің 18-і өндірілетініне тоқталады. Сондай-ақ Римнің энергетика саласына да басымдық беріп отырғанын жазады. Автордың айтуынша, Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Қашаған кен орны кейінгі 40 жылда әлемдік мұнай өнеркәсібіндегі ең ірі жаңалық болды.

Agenzia Nova: Қазақстанмен энергетика, өнеркәсіп саласында ынтымақтастық нығаяды

Италияның үкімет басшысы Джорджия Мелонидің Орталық Азияға сапары энергетика мен өнеркәсіп саласы бойынша ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Бұл туралы Италияның Agenzia Nova интернет басылымы жазады. Мақала авторы алқалы жиынның ауқымына тоқталып, аймақтағы 5 ел басшыларының қатысуымен өткен алғашқы саммит екенін баяндайды. Айтуынша, бұл басқосу инвестициялық бағыттағы ірі жобаларды талқылауға мүмкіндік береді.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Сандуғаш Байғуаныш