Елімізде ым-ишара тіліне ресми мәртебе беріледі. Үкімет сөйлей алмайтын, құлағы естімейтін жандарға арнайы әліпби енгізуді қарастырып жатыр. Енді барлық мекемелерде сурдоаудармашының жұмыс істеуін міндеттеуі мүмкін. Заң жобасына тағы қандай өзгерістер енгізілмек?

Астаналық Елмира Өзтүріктің туғаннан құлағы мүкіс. Екі бала тәрбиелеп отырған келіншек жуырда ауруханаға түсіп, дәрігерлерге қай жері ауырып тұрғанын түсіндіре алмай қиналған.

Елмира Өзтүрік, қала тұрғыны:

Ауруханаға түн ортасында түстім. Дәрігерлерге ауырып тұрғанымды, тамақтан уланғанымды ыммен түсіндіріп едім, түсінбеді. Сурдоаудармашы тек таңертең келді. Оған дейін жағдайым ауырлап кетті. Бірнеше аптадан соң әрең жазылдым. Аурухананың өзінде тұрақты жұмыс істейтін аудармашы болса, сонша қиналмас едім.

Елімізде Елмира секілді ымдау тілінде сөйлейтін 30 мыңнан астам адам бар. Мемлекет оларға бір жылда небәрі 60-70 сағат тегін сурдоаударма қызметін ұсынады. Яғни сөйлей алмайтын, құлағы естімейтін жандардың емхана, сот, қызмет көрсету орталықтарында ойындағысын жеткізуге осынша ғана уақыты бар.

Сайлаугүл Омархан, «Қазақстан саңыраулар қоғамы» ҚБ президенті:

Былтыр Алматыда болған өрт кезінде, естімейтін адам жанып, өліп кетті. Өрт сөндіру қызметі болсын, аурухана болсын түн ішінде адам ауырып қалса, ол түсіндіре алмаса өле беруі керек пе? Сондықтан ым-ишара тілінің ресми түрде қабылдануы бүкіл құлағы естімейтін адамның арманы.

Қазір еліміздегі мемлекеттік мекемелер қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсетуге міндетті. Азаматтар осы екі тілде білім алуға құқылы. Ал ым-ишара тілінде сөйлейтіндер өздері таңдаған мамандықты меңгере алмайды. Олар тек арнайы білім ордаларында оқытатын санаулы бағыттың бірін игеріп, жұмыс істейді. Өйткені еліміздегі оқу орындарының көпшілігінде сурдоаудармашы жоқ.

Жанел Нұрболат, тілші:

Ым-ишара тілі ресми түрде қабылданса не өзгереді? Біріншіден, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында арнайы бағдарлама жасақталады. Бәрінде ым тілін білетін бірнеше педагог жұмыс істеуі керек немесе сол оқу орны аудармашыларды жалдайды. Екіншіден, барлық мекемелерде сурдомамандар тұрақты түрде жұмыс істейді. Мемлекет жылына бөлетін 60 сағат бітіп қалса да, сот процесінде аудармашы қызмет көрсетуге міндетті болады.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Үні шықпастың құқығы да қорғалмас. Сот процестерінде де өз құқықтарын қорғай алмайды. Өйткені біріншіден, жазылып тұрған дұниеге сауаттылығы жетпейді. Екіншіден, айтқысы келеді ғой, бірақ оны ешкім түсінбейді. Яғни ресми тіл болып қабылданса, олар сіз сөйлей алмасаңыз, менің тілімде сөйлейтін азаматты шақырыңыз деп талап ете алады.

Қазір елімізде ым-ишара тілінің бірнеше нұсқасы бар. Осының кесірінен сөйлей алмайтын, құлағы естімейтін азаматтар көпшілікпен қарым-қатынас құру былай тұрсын, өзара да түсінісе алмайды. Жауаптылар бұл мәселеден хабардар. Жуырда Үкімет халықаралық тәжірибені ескеріп, ымдау тілінің ресми түрде танылатынын жеткізгенімен, әлі іс-шаралар жоспарын белгілеген жоқ. Сондықтан әзірге ерекше жандарды қоғам өміріне қосатын маңызды шешімнің нақты қашан іске асатыны белгісіз.

Жанел Нұрболат